Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Германиядағы WTA 500 топырақ турнирінде күресін жалғастыруда, деп хабарлайды CMN.KZ
Ширек финалда қазақстандық теннисші канадалық Лейла Фернандесті (№ 25) үш сағат екі минутқа созылған ауыр матчта жеңіп шықты.
Қазақстан теннис федерациясының мәліметінше, матч нағыз төзімділік сынағына айналған. Алғашқы сетте тай-брейкте жеңілген Рыбакина кейін ойынға қайта оралып, есепті теңестіріп, шешуші сетте қарсыласын жеңген.
Жартылай финалға жолдама тағдыры тай-брейкте шешілді. Бұл сәтте қазақстандық спортшының сабырлығы мен шеберлігі негізгі рөл атқарды. Қорытынды есеп – 6:7 (5:7), 6:4, 7:6 (8:6).
Айта кетейік, Штутгарт корттары Рыбакина үшін сәтті: ол бұл турнирде 2024 жылы жеңіске жеткен. Биыл да ол титул үшін соңына дейін күресуге дайын екенін көрсетіп отыр.
Жартылай финалда Рыбакина әлемнің тоғызыншы ракеткасы Мирра Андреевамен кездеседі.
CMN.KZ ресми Telegram арнасына жазылыңыз