Шымкент тұрғынына алаяқтардан кейін 1,7 млн теңге қайтарылды

интернет-мошенники
Фото: gov.kz

Ер адам «Қазпошта» мен банк қызметкерлеріміз деп таныстырған алаяқтарға сеніп қалған. Киберполиция аударымды дер кезінде бұғаттап үлгерді, деп хабарлайды CMN.KZ

Алдымен ер адамға бейтаныс адамдар қоңырау шалып, өздерін Қазпошта қызметкерлері ретінде таныстырған. Олар деректерді растау сылтауымен төрт таңбалы кодты айтуды сұраған. Ер адам күмәнданбай, кодты хабарлаған.

Кейін оған қайта қоңырау түскен. Бұл жолы алаяқтар өздерін банк қызметкерлері деп таныстырып, оның ақшасын ұрламақ болып жатқанын айтқан. Қаражатты «қорғау» үшін ер адамды банкомат арқылы ақша шешіп алып, «қауіпсіз шотқа» аударуға көндірген.

Ақшаны аударғаннан кейін ғана тұрғын алаяқтарға алданып қалғанын түсініп, полицияға жүгінген.

«Киберполиция қызметкерлері ақша аударылған шоттарды жедел анықтап, транзакцияларды уақытында бұғаттады. Соның арқасында алаяқтар қаражатты шешіп үлгермеді. Жедел әрекеттің нәтижесінде жәбірленушіге 1,7 млн теңге қайтарылды», – деп хабарлады ведомство.

Полиция тұрғындарды бейтаныс адамдардың қоңырауына сенбеуге, SMS-кодтарды, жеке деректер мен банк картасының мәліметтерін ешкімге айтпауға шақырды.

CMN.KZ ресми Telegram арнасына жазылыңыз

Введите текст и нажмите Enter либо Esc для отмены поиска