Астана аспаны, Face ID және машиниссіз пойыздар:CMN.KZ журналисі LRT-ны көріп қайтты

пресс тур
Фото: Айерке Кабди

Таңертең ерте Астана әуежайы маңындағы депо аумағына БАҚ өкілдері мінген автобустар бірінен соң бірі келіп жатты. Кіреберісте күзет, CTS қызметкерлері және камера мен телефон ұстаған ондаған адам. Дәл осы жерден елорда тұрғындары он жылға жуық күткен LRT жобасы бойынша үлкен пресс-тур басталды

CMN.KZ тілшісі басқа журналистермен бірге болашақ жеңіл рельсті көлік бағытымен жүріп өтіп, станцияларды, жүргізушісіз пойыздарды және жүйенің негізгі диспетчерлік орталығын көрді.

Қаланы толық бақылайтын орталық

Алғашқы нүкте – Бірыңғай диспетчерлік орталық болды. Ішінде ондаған экран орнатылған үлкен зал орналасқан. Мониторларда Астана көшелеріндегі камералар, автобустар қозғалысы, жол жүктемесі, қиылыстар мен бағдаршамдар қатар көрсетіліп тұрды. Компьютерлердің артында аналитиктер, диспетчерлер мен операторлар отыр.

Қабырғалардың бірінде көлік ағындары белгіленген қала картасы, екіншісінде жол камералары мен қиылыстардан тікелей бейне көрсетілді.

CMN.KZ тілшісі трафикті басқару орталығының операторларының бірімен сөйлесті. Оның айтуынша, қызметкерлер Астананың жол-көше желісінің қалыпты жұмысын тәулік бойы бақылап отырады.

«Біздің міндет – жол-көше желісінің тұрақты жұмысын бақылау. Егер жол апаты, кептеліс немесе басқа да төтенше жағдай болса, біз жедел әрекет етіп, полиция және өзге қызметтермен байланысамыз», – деді орталық қызметкері.

LRT жүйесі де дәл осы жерден басқарылады.

Елордадағы пойыздар толықтай жүргізушісіз болады және GoA4 жүйесімен жұмыс істейді. Бұл – автоматтандырудың ең жоғары деңгейі. Құрамдар деподан өздігінен шығып, арақашықтықты сақтап, станцияларға келіп, есіктерін машинистсіз ашады және жабады. Пойыздардың ең жоғары жылдамдығы сағатына 80 шақырым, ал жұмыс жылдамдығы шамамен 60 км/сағ болады. LRT күн сайын сағат 06:00-ден 23:00-ге дейін жұмыс істейді.

Жетон болмайды

Диспетчерлік орталықтан кейін журналистерді «Әуежай» станциясына апарды. Мұнда жолақы төлеу жүйесі көрсетілді. Турникеттер мен билет сатып алу автоматтары қазірдің өзінде орнатылған. CTS өкілдері әдеттегі жетондардың болмайтынын бірден айтты.

Жолақыны банк картасы, QR-код, Face ID, телефон, смарт-сағат немесе көлік картасы арқылы төлеуге болады. Стандартты LRT картасының бағасы 1000 теңге, ал атаулы картаны рәсімдеу 1200 теңге тұрады.

Сонымен қатар жеті жастан 18 жасқа дейінгі оқушылар мен Астанадағы жеңілдік санатындағы тұрғындар арнайы карта арқылы тегін жүре алады. QR-коды бар қағаз билеттер де қарастырылған. Бір реттік жол жүру құны 200 теңге болады.

Журналистерге пойыз есіктерімен бірге синхронды ашылатын шыны платформалық есіктер де көрсетілді.

Астана
Фото: Айерке Кабди

Келесі нүкте – «Астана Арена» станциясы болды. Мұнда БАҚ өкілдеріне станция маңындағы абаттандыру жұмыстары мен LRT қызметкерлерінің жаңа формасы таныстырылды. Әртүрлі қызметкерлерге жеке дизайн әзірленген: сұр түсті форма кассирлерге, ал көк форма пойыз операторларына, платформа қызметкерлері мен кезекшілерге арналған. Формада ұлттық ою-өрнек элементтері мен LRT жүйесінің фирмалық түстері қолданылған.

Астана
Фото: Айерке Кабди

Күннің басты жаңалығы

Журналистер «Бәйтерек» станциясына түске таман жетті. Дәл осы жерде CTS басқарма төрағасы Асылбек Дүйсебаев қатысқан негізгі брифинг өтті. Күннің басты жаңалығы – LRT осы демалыс күндері, 16–17 мамырда іске қосылатыны туралы мәлімдеме болды.

«Бүгін өздеріңіз қаланың әдемі көрінісін көрдіңіздер. Бұл тек елордаға ғана емес, жалпы Қазақстанға да оң әсер етеді. Менің ойымша, біз осындай жобаның осы аптада іске қосылып жатқанына мақтана аламыз», – деді Дүйсебаев.

CTS басшысы алғашқы кезеңде жолаушылар ағыны тәулігіне 25–45 мың адам болуы мүмкін екенін айтты. Сонымен қатар салтанатты ашылу рәсімі жоспарланбаған.

Бірінші желіні іске қосудан бөлек, билік LRT желісін әрі қарай кеңейтуді де талқылап жатыр. CTS басшысының айтуынша, желіні оң жағалауға – «Хан Шатыр», Кенесары және Жеңіс даңғылдары арқылы ескі вокзалға дейін ұзарту жоспарланған. Сондай-ақ Қосшы бағыты да қарастырылып жатыр. Қазір бұл жобалар бойынша геологиялық зерттеулер жүргізіліп, банктермен қаржыландыру мәселесі талқылануда.

Брифинг кезінде журналистер LRT станциялары маңындағы жылжымайтын мүлік туралы да сұрады.

«Бұл – экономика заңдылығы. Метро немесе LRT бар жерде жылжымайтын мүлік қымбаттайды», – деді Дүйсебаев.

Алайда станциялардың ішінде дүкендер мен кафелер болмайды. Өрт қауіпсіздігі талаптарына байланысты жолаушыларға тек кофе, су және снектер сататын вендинг аппараттары қолжетімді болады.

Қала жоғарыдан мүлде басқаша көрінеді

Маршруттың соңғы нүктесі «Нұрлы жол» станциясы болды. Сапар кезінде журналистер Астананы эстакада биігінен тамашалады. Жоғарыдан Қабанбай батыр даңғылы, жаңа тұрғын үй кешендері, сол жағалау және төменде ағылған көліктер анық көрінеді.

Показ LRT
Фото: Айерке Қабди

LRT желісі толықтай жер үстімен өтеді және автомобиль қозғалысынан оқшауланған. Маршрутта барлығы 18 станция қарастырылған, ал желінің ұзындығы 22,4 шақырымды құрайды. Қазір станциялар әлі бос әрі тыныш. Бірақ осы демалыста алғашқы жолаушыларды қабылдауы тиіс. Астанада он жылға жуық талқыланған жоба ақыры мәреге жақындады.

CMN.KZ ресми Telegram арнасына жазылыңыз

Введите текст и нажмите Enter либо Esc для отмены поиска