CTS компаниясында LRT іске қосылуы тек көлік жүйесіне емес, жылжымайтын мүлік нарығына да әсер етеді деп есептейді, деп хабарлайды CMN.KZ
Бұл туралы City Transportation Systems компаниясының басшысы Асылбек Дүйсебаев мәлімдеді.
«Бұл – экономика заңдылығы. Метро немесе LRT бар жерде көлік қолжетімділігіне байланысты жылжымайтын мүлік қымбаттайды. Мұндай тәжірибе жеңіл рельсті көлік дамып жатқан көптеген елде байқалады. Қытайда бір компания бар: олар шартты түрде далаға LRT салып, кейін оның жанындағы жер телімдерін сатады», – деді Дүйсебаев.
Спикердің пікірінше, LRT іске қосылуы тек елордаға ғана емес, жалпы Қазақстанның имиджіне де оң әсер етеді.
«Бүгін өздеріңіз қаланың қандай әдемі көрінісі ашылатынын көрдіңіздер. Бұл тек Астанаға ғана емес, тұтас Қазақстанға да өте жақсы әсер етеді», – деп қосты Дүйсебаев.
CMN.KZ ресми Telegram арнасына жазылыңыз