Касым-Жомарт Токаев қазақстандықтарды Отан қорғаушылар күнімен құттықтап, қасиетті Тәуелсіздігіміздің тұғыры берік болсын деген тілек білдірді, деп хабарлайды CMN.KZ
Мемлекет басшысының құттықтауын Ақорда 7 мамыр күні таңертең жариялады. Президент Отан қорғаушылар күні ерекше мемлекеттік әрі қоғамдық маңызға ие мереке екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл күн жауынгерлердің ерлігі, рухының мықтылығы мен жанқиярлығын бейнелейді.
«Бұл мереке Отан игілігі үшін қызмет еткен және қызмет етіп жүрген, бейбіт аспанды, аумақтық тұтастықты, тұрақтылық пен Қазақстанның қауіпсіздігін күндіз-түні қорғап жүрген жандардың барлығын біріктіреді. Біздің сарбаздар мен командирлер батыр бабалардың даңқты дәстүрін жалғастырып, шынайы патриотизмнің жарқын үлгісін көрсетіп келеді».
Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық әскери қызметшілердің кәсібилігіне, тәртібі мен жауынгерлік дайындығына жоғары баға берді. Оның сөзінше, олар бітімгерлік миссияларда, арнайы оқу-жаттығуларда және халықаралық жарыстарда өз деңгейін дәлелдеп жүр.
«Мемлекет әрдайым қорғаныс қабілетін күшейтуге және әскери қызметшілерді жан-жақты қолдауға басымдық береді. Жаңартылған Конституцияда “Қазақстан Республикасын қорғау – оның әрбір азаматының қасиетті парызы мен міндеті” деп нақты жазылған. Бұл сөздерде ел мен халықтың ажырамас байланысы, әр азаматтың Отан тағдыры алдындағы жауапкершілігі жатыр».
Президенттің пікірінше, қазақстандықтар Отанға қызмет ету идеалдары мен конституциялық құндылықтарға сүйене отырып, мемлекеттілікті нығайтып, Әділетті, Қуатты әрі Қауіпсіз Қазақстан құру мақсатына жетеді.
«Отан қорғаушыларға табандылығы, үлгілі қызметі және антқа адалдығы үшін алғыс айтамын! Барша азаматтарға зор денсаулық, амандық және игі бастамаларына табыс тілеймін! Әскер мен халықтың мызғымас бірлігі нығая берсін! Қасиетті Тәуелсіздігіміздің тұғыры берік болсын!» – делінген құттықтауда.
CMN.KZ ресми Telegram арнасына жазылыңыз