Миллиондық аудиториясы бар блогер Кайсар Камза Вьетнамда жүрген кезде оның паспортын алып қойғанын мәлімдеді. Бұл туралы ол Instagram-дағы Stories арқылы айтты, деп хабарлайды CMN.KZ
Блогердің ұсталғаны туралы ақпарат 13 сәуірде Ішкі істер министрлігі таратқан мәліметтен белгілі болған. Алайда Кайсар Камза өз жазбасында жағдайдың басқаша өрбігенін айтады. Оның сөзінше, қазіргі сәтте ол Вьетнамның Нячанг қаласында жүр, ал кадрларда тергеу изоляторы емес, қала көшесі көрінеді.
«Қазір экстрадиция мәселесін шешіп жатыр. Сот та, қамауға алу да болған жоқ, тек иммиграциялық қызметте паспортымды алып қойды», – деді ол видеода.
Ал Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, инфлюенсер заңсыз құмар ойындарын ұйымдастыруға жәрдемдесті деген күдікке ілінген. Сондай-ақ оған қатысты бұлтартпау шарасы ретінде «қамауда ұстау» санкцияланған.
Тергеу деректеріне сәйкес, ол әлеуметтік желілердегі парақшалары арқылы Қазақстан азаматтарын «Pinco» құмар ойын платформасына тіркелуге шақыратын сілтемелер, графикалық элементтер мен жарнамалық материалдар жариялап отырған.
Сонымен қатар сот шешімімен оның криптоактивтеріне, жалпы көлемі 182 736,741 USDT болатын қаражатқа тыйым салынған.
CMN.KZ ресми Telegram арнасына жазылыңыз