Семейде мысықтың кір жуғыш машинада өліп қалуы әлеуметтік желілерде үлкен резонанс тудырды. Тексеру нәтижесінде жануар иесі жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды CMN.KZ
Әңгіме желіде тараған видеодағы жағдай туралы. Онда әйел мысықты абайсызда киіммен бірге жуып қойғанын айтқан. Оның сөзінше, жануарды кір жуғыш машинаға бала салып жіберуі мүмкін, ал өзі оны байқамаған.
Жарияланымнан кейін желі қолданушылары оқиғаның мән-жайын тексеруді талап етті. Әсіресе балаларға бақылаудың жеткіліксіздігі мен әйелдің әрекетіне назар аударылған.
Абай облысының полиция департаменті тексеру жүргізілгенін растады.
«Аталған жағдай абайсыздықтан болғаны анықталды», – деп хабарлады полиция.
Соған қарамастан, жануар иесі жануарларға қатысты ережелерді бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оған 10 АЕК (43 мың теңгеден астам) көлемінде айыппұл салынды.
Полиция кез келген жағдайда жануарларға қатысты заң бұзушылықтар үшін жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.
CMN.KZ ресми Telegram арнасына жазылыңыз