Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кейбір заңнамалық актілерге денсаулық сақтау, ойын бизнесі және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша түзетулер енгізді, деп хабарлайды CMN.KZ
Ақорданың ақпараты бойынша, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске, «Жарнама туралы», «Ойын бизнесі туралы», «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңдарға түзетулер енгізілді.
Түзетулердің бірінші блогы денсаулық сақтау саласындағы жекелеген мәселелерді шешуге бағытталған.
«Онкологиялық ауруларды ерте анықтауға арналған скринингтік зерттеулер кезінде амбулаториялық жағдайда берілетін мамандандырылған медициналық көмек аясындағы зерттеулер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінен алынып, мемлекет кепілдік беретін медициналық көмектің тегін көлеміне енгізілген», – делінген хабарламада.
Сондай-ақ бірқатар түзетулер мүгедектігі жоқ науқастарды есту аппараттарымен қамтамасыз етуді көздейді.
«Екінші блокта букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды ұялы байланыстың абоненттік құрылғылары, сондай-ақ онлайн-платформалар арқылы жарнамалауға тыйым салынған».
Букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды жарнамалау рұқсат етілген бұқаралық ақпарат құралдарының шеңбері тарылды, олар енді тек спорттық бағытта болуы керек. Сондай-ақ, бас бостандығын шектеу немесе шартты түрде жазалауға сотталғандарға құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге тыйым салынды.
Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заңға қол қойды. Ақорданың баспасөз қызметі бұл құжат қаланың рухани, тарихи-мәдени, туристік орталық және елдің сәулеттік мұрасы ретіндегі ерекше мәртебесін бекітетінін түсіндірді.