Оңтүстік Кореяда саяси жағдай ушыққан тұста Қазақстанның 30 мың азаматы сол елде жүр, деп жазады CMN.KZ.
Мәжіліс кулуарында сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев бұл мәселеге қатысты түсінік беріп, әзірге қазақстандықтарға қауіп төніп тұрмағанын айтты.
«Біз ешқашан үшінші елдердің ішкі істеріне араласпаймыз. Бүгінгі басты міндетіміз – Оңтүстік Кореядағы отандастарымыздың құқықтары мен қауіпсіздігін барынша қорғау. Қазіргі жағдайға байланысты қазақстандық азаматтар елшілікке жүгінген жоқ. Егер көмек сұраса, біз барлық қажетті қолдауды көрсетуге дайынбыз», – деді Бақаев.
Сонымен қатар, ол Кореяда қазақстандықтардың көп болуының себебін визасыз режиммен байланыстырды. Алайда, көптеген азаматтардың көші-қон заңнамасын бұзып жатқанын да атап өтті.
3 желтоқсанда Корея президенті Юн Сок Ёль елде әскери төтенше жағдай жариялады. Оның айтуынша, елге «коммунистік күштердің конституциялық тәртібіне» қауіп төніп тұр. Дегенмен, парламент әскери жағдайды қолдамады, шешім күшін жойды.
Қазақстанның Сеулдегі елшілігі азаматтарымызға сабыр сақтап, тәртіп бұзбауды ескертті. Елшілік кез келген қиын жағдайда қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.