Қазақстан банктері азаматтардың мобильді аударымдары туралы мәліметтерді Қаржы министрлігіне тапсырды. Қазір бұл ақпарат өңделіп жатыр, деп хабарлайды CMN.KZ
Бұл туралы вице-министр Ержан Біржанов мәлімдеді.
Оның айтуынша, әзірге тек деректерді жинау мен талдау кезеңі жүріп жатыр.
«Қазіргі таңда барлық банктер мәліметтерді ұсынды. Біз бұл ақпаратты қабылдадық, қазір оны өңдеу жүріп жатыр. Қандай санаттар және қандай шаралар қолданылатыны туралы нақты айту әзірге мүмкін емес», – деді ол.
Келесі кезеңде деректер жан-жақты сараланып, түрлі санаттарға бөлінеді:
- жеке кәсіпкерлер;
- өзін-өзі жұмыспен қамтығандар;
- бейрезиденттер және басқа топтар.
Биржановтың сөзінше, әзірге тексерулердің ауқымы туралы айту ерте.
«Біз жалпы деректер базасын алдық. Бір адам бірнеше банкте тіркелуі мүмкін, сондықтан ақпаратты сәйкестендіру қажет. Осы себепті нақты қанша адамға хабарлама жіберілетінін айтуға әлі ерте», – деді ол.
Алғашқы хабарламалар қазақстандықтарға мамыр айында жіберіле бастауы мүмкін.
CMN.KZ ресми Telegram арнасына жазылыңыз