Маңғыстау облысында Каспий теңізінің жағалауынан итбалықтардың жаппай қырылуы тіркелді – жағалауға 97 өлексесі шығып қалған, деп хабарлайды CMN.KZ
Оқиға 17 сәуір күні Түпқараған ауданында анықталған. Мониторинг барысында "Каспий итбалығы" РММ қызметкерлері басқа да қызметтермен бірге жағалаудан өлі жануарларды тапқан.
Алдын ала мәлімет бойынша, қатты батыс желі мен дауыл кезінде өлекселерді жағалауға шығарып тастаған. Мамандардың айтуынша, итбалықтар бір айдан астам уақыт бұрын қырылған, ал оларды су бетіне кейін ауа райы жағдайы шығарған.
Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына балық инспекциясы, экология қызметтері, ветеринар мамандар, ғалымдар және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері кірді.
Мамандар мұндай жағдайлар Каспийде жиі тіркелетінін атап өтті – жыл сайын жағалаудан ондаған, кейде жүздеген өлі итбалық табылады. Алайда олардың жаппай қырылу себептері әлі ресми түрде анықталмаған.
CMN.KZ ресми Telegram арнасына жазылыңыз