Қазақстанда банкроттық – қарызын өтей алмайтын азаматтар үшін заңды құрал, деп хабарлайды CMN.KZ
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, банкроттық рәсімі сот арқылы да, соттан тыс та жүргізілуі мүмкін.
Бұл құралды тек соңғы шара ретінде қолдану ұсынылады. Бұған дейін қарызды қайта құрылымдау үшін кредиторға жүгіну сияқты балама тәсілдерді пайдаланып көру қажет.
Соттан тыс банкроттық
Бұл рәсім мына жағдайларда қолданылады:
- қарыз көлемі 1600 АЕК-тен төмен (шамамен 6,9 млн теңге);
- мүліктің болмауы;
- 12 ай бойы қарыз өтелмеуі;
- берешекті реттеу рәсімінен өту.
«Рәсім жеңілдетілген түрде өтеді және Egov.kz, Tazalau.kz электрондық сервистері арқылы жүзеге асырылады. Өтініштерді Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті қарайды», – деп хабарлады агенттік.
Сонымен қатар, қарызы 1600 АЕК-тен аспайтын, бірақ 5 жылдан астам мерзімі өткен азаматтар үшін бөлек шарттар бар. Олар мүліктің бар-жоғына және қарызды реттеу рәсіміне қарамастан соттан тыс банкроттыққа өтініш бере алады. Наурыз айынан бастап мұндай өтініштерді қарау мерзімі 6 айдан 1 айға дейін қысқартылған.
Сот арқылы банкроттық
Егер борышкердің мүлкі болса немесе жағдай соттан тыс рәсімге сәйкес келмесе, банкроттық сот арқылы рәсімделеді.
Шектеулер
Агенттік банкроттықтың белгілі бір шектеулері бар екенін ескертті:
- 5 жыл бойы несие алуға тыйым салынады (ломбардтағы микрокредиттерден басқа);
- сот арқылы банкроттық кезінде шетелге шығуға шектеу қойылуы мүмкін.
Мамандар бұл рәсімді тек басқа жолдар нәтиже бермеген жағдайда ғана қолдануға кеңес береді.
CMN.KZ ресми Telegram арнасына жазылыңыз