Алакөл мемлекеттік табиғи қорығының директоры Абылқасымов пен оның орынбасары Бейсенов, сондай-ақ бөлім басшысы Шалапанов жергілікті тұрғындардан пара алғаны үшін миллиондаған айыппұл арқалады, деп хабарлайды CMN.KZ.
Жетісу облысының аудандық сотында қаралған іс материалдарына сәйкес, айыпталушылар қорық аумағында шөп шабуға рұқсат беру үшін жергілікті тұрғындардан пара алған. Олардың басты мақсаты – тұрғындарды әкімшілік жауапкершіліктен босату болған.
Антикордың хабарлауынша, Абылқасымов пен Шалапановқа әрқайсысына 10,5 млн теңге, ал Бейсеновке 15,7 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар, пара берген тұрғындар Булғынчинов пен Қанағатов 6 млн және 2,2 млн теңге айыппұл төлеуге міндеттелді.
Айыпталушыларға енді мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда жұмыс істеуге өмір бойына тыйым салынды. Сонымен бірге, белгіленген айыппұлдарды уақытында төлемеген жағдайда, жаза бас бостандығынан айыруға ауыстырылады.
Сот шешімі заңды күшіне енді.
Бұл іс жемқорлыққа қарсы күрестегі тағы бір маңызды қадам болды. Орманды, табиғатты қорғау саласында мұндай істердің қайталанбауы үшін қоғамдық бақылауды күшейту қажет.