Павлодар сотында АҚШ-тағы жарнамалық қосымшалар үшін платформа ретінде әрекет еткен «TAKORP» қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларға қатысты айыптау үкімі шығарылды, деп хабарлайды CMN.KZ

Қаржылық мониторинг агенттігі мәліметінше, «TAKORP» қаржы пирамидасы инновациялық жарнама технологияларына бағытталған АҚШ платформасы ретінде таныстырылған. Жобаның қатысушыларына «OKX» биржасы арқылы криптовалюта сатып алу арқылы тіркелу ұсынылған.

Негізгі шарттардың бірі — кемінде 5 жаңа салымшыны тарту. Бұл талап орындалған жағдайда «бақ дөңгелегіне» қатысуға және бағалы сыйлық ұтып алуға мүмкіндік берілді.

«Нәтижесінде, 80-нен астам азамат уәделерге сеніп, 30-дан 500 АҚШ долларына дейін инвестиция салған, кейбірі деңгейіне қарай 2 мың АҚШ долларына дейін бонус аламыз деп үміттенген. Қылмыстық жолмен алынған табыс 59 млн теңгеден асты«, — деді агенттігінің баспа-сөз қызметі.

Пирамиданы насихаттау мақсатында Zoom арқылы бейнеконференциялар форматында жарнама жүргізілген. Олар іс-шаралардың негізгі мақсаты материалдық жағдайды жақсарту және салымшылардың кірістерінің өсуін ынталандыру болды деп сендірді.

Алайда бұған тек ұйымдастырушылар ғана байыды. Күдіктілер салымшылардың қаражатына Павлодардан пәтер сатып алып, банктерден төрт депозит ашты, оларға соттың санкциясымен тыйым салынды.

Сот қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларды 1 жыл 6 айдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. Зардап шеккен азаматтарға келтірілген шығынды өтеу мәселесі азаматтық іс жүргізу шеңберінде қаралатын болады.

Share.
Leave A Reply

Exit mobile version