Мәжіліс депутаттары бірінші оқылымда қоғамдық кеңістікте педофилияны насихаттайтын, сондай-ақ балаларға зиянды деп танылған контентті таратуға тыйым салуды көздейтін заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды CMN.KZ 

Құжат кәмелетке толмағандарды олардың денсаулығы мен дамуына зиян келтіруі мүмкін ақпараттан қорғауға бағытталған. Заң мұндай контентті қоғамдық орындарда ғана емес, бұқаралық ақпарат құралдарында, телекоммуникациялық желілерде және онлайн-платформаларда орналастыруға да шектеу енгізуді көздейді.

Сонымен қатар заң жобасы архив ісі саласын да қамтиды. Онда «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» заңның қолданылу аясын кеңейту ұсынылады. Атап айтқанда, қорға тәжірибелік-конструкторлық, жобалау-сметалық және қала құрылысы құжаттамаларын, сондай-ақ оларға қатысты сызбалар мен мәтіндік материалдарды енгізу жоспарланып отыр.

Жеке норма ретінде жеке өмірге, жеке және отбасылық құпияға қатысты мәліметтері бар архив құжаттарына қолжетімділікті шектеу қарастырылады. Мұндай құжаттарға жабық қолжетімділік мерзімі олар жасалған күннен бастап 75 жылды құрайды.

Сондай-ақ заң құжаттарды цифрлық архивке қалыптастыру және беру тәртібін реттейді. Цифрлық архив – электронды архивтік құжаттар мен олардың цифрлық көшірмелерінің жиынтығы болып табылады және олар уәкілетті орган белгілеген қағидаларға сәйкес электронды форматта сақталады.

Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын сақтау мақсатында ғылыми немесе мәдени құндылығы бар, бюджет қаражаты есебінен (оның ішінде бірлесіп қаржыландыру арқылы) жасалған аудиовизуалды материалдарды жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттік архивтерге тапсыруын міндеттеу ұсынылады.

Сенатта бұл заңды қабылдау Ұлттық архив қорының сақталуын қамтамасыз етіп, құжаттарды цифрландыру үдерісін жеделдетуге және балаларды құқыққа қайшы контенттен қорғауды күшейтуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Бұған дейін мәжіліс «ЛГБТ-насихаттауға» тыйым салу туралы заңды мақұлдады.

Share.
Leave A Reply

Exit mobile version