Браун университетіндегі атыстан кейін АҚШ билігі Diversity Visa Lottery грин-карта ұтыс ойыны бағдарламасын уақытша тоқтату туралы шешім қабылдады. Бұл туралы 19 желтоқсанда АҚШ-тың ішкі қауіпсіздік министрі Кристи Ноэм мәлімдеп, болған оқиғаны елдің көші-қон жүйесіндегі осал тұстармен байланыстырды, деп хабарлайды CMN.KZ 

Анықталғандай, күдікті 2017 жылы DV бағдарламасы бойынша грин-карта ұтып алып, АҚШ аумағына кірген.

Кристи Ноэмнің айтуынша, бағдарламаны тоқтату жөніндегі тапсырманы АҚШ президенті Дональд Трамп тікелей берген.

«Президент Трамптың тапсырмасы бойынша мен АҚШ-тың Азаматтық және иммиграциялық қызметіне DV бағдарламасын дереу тоқтату туралы бұйрық беремін. Бұл апатты бағдарламаның салдарынан енді бірде-бір америкалық зардап шекпеуі тиіс», – деп жазды Ноэм X әлеуметтік желісінде.

Ол сондай-ақ Дональд Трамптың 2017 жылы Нью-Йорктегі терактіден кейін бұл бағдарламаны жоюды қолдағанын еске салды. Ол кезде ИГИЛ террористі DV бағдарламасы арқылы елге кіріп, жүк көлігімен адамдарды қағып, сегіз адамды өлтірген болатын.

Министр өз жазбасында атыс жасады деп күдікке ілінген адамның АҚШ-қа кіруге және онда тұруға мүлде құқығы болмауы тиіс еді деген пікірін білдірді.

«Бұл адам біздің елге ешқашан кіргізілмеуі керек еді», – деді ол.

Қазіргі уақытта бағдарлама толық тоқтатылғаны емес, уақытша тоқтатылғаны айтылып отыр. Оны толық жою немесе қайта іске қосу мерзімдері туралы ресми ақпарат әзірге жарияланған жоқ.

Share.
Leave A Reply

Exit mobile version