«Даму» қоры – кәсіпкерлердің үлкен үміт артатын негізгі қаржы институттарының бірі. Алайда, 2024 жылдың тамызынан бері бұл қордан қолдау күткен мыңдаған кәсіпкер ауыр жағдайға тап болды. Субсидия төлемдері тоқтап, бизнес шығынға белшесінен батуда. Көптеген кәсіпорындар өздерінің қаржылық міндеттемелерін толық өздері өтеуге мәжбүр. Осылайша, бұрын «Даму» қорының көмегімен еңсесін тіктеген бизнес өкілдері қазір тығырыққа тіреліп отыр, деп жазады CMN.KZ.
Алматы қаласындағы кәсіпкер Данира Мұхамедиярова – «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында «Даму» қорымен ұзақ уақыттан бері жұмыс істеп келе жатқан азаматшалардың бірі. Алайда тамыз айында оның үміті үзілгендей болды. Қор субсидия төлемдерін тоқтатып, кәсіпкер 8 миллион теңгеден астам шығынға батты.
«Біз автокөлікті жалға беру және лизинг арқылы сатумен айналысамыз. Қор бізге пайыздық мөлшерлеменің 8%-ын субсидиялайтын. Бірақ соңғы айларда бұл төлемдер тоқтап қалды. Қазір біз лизингтің толық 21%-дық мөлшерлемесін өзіміз төлеуге мәжбүрміз. Бұл бизнесімізге ауыр соққы болып тиюде», — деп ашынды Мұхамедиярова.
Осындай қиындыққа тап болған кәсіпкерлердің бірі – Ермек Нұртазин. Ол да автокөлік лизингі саласында жұмыс істейді.
«Субсидиясыз төрт айдан бері барлық шығынды өзіміз көтеріп келеміз. Қордан ешқандай ескерту болған жоқ. Біз өз жоспарларымызды өзгерте алмадық. Қазір қор жаңа жобаларды қабылдауды жалғастыруда, бірақ ескі міндеттемелер орындалмай отыр. Бұл қалай әділ болады?» — деп наразылығын білдірді Нұртазин.
Кәсіпкерлердің айтуынша, «Даму» қорының қазіргі қаржылық ахуалына елдегі табиғи апаттар, соның ішінде су тасқындары себеп болған. Үлкен компаниялар өз қаражаттарын апат салдарын жоюға бағыттаған, ал бұл қордың бюджетіне салмақ салған. Алайда «Даму» қоры бұл айыптауларды жоққа шығарып, субсидиялардың тоқтауын бюджеттен қаражаттың уақытында бөлінбеуімен түсіндіреді.
Қордың мәліметінше, субсидиялар 2024 жылы республикалық және жергілікті бюджеттерден бөлінген 306,6 миллиард теңгенің 194 миллиард теңгесі ғана нақты игерілген. Қалған 107,8 миллиард теңге бюджеттен түспегендіктен, қор төлемдерді тоқтатуға мәжбүр болған.
Бұл жағдай кәсіпкерлерді үлкен қиындыққа тап қылып отыр. Лизингтік төлемдер, жоғары пайыздық мөлшерлемелер – барлығы шағын және орта бизнеске қосымша ауыртпалық түсіруде. Кейбір кәсіпкерлер қарыздарын жабу үшін банктік несиелер алуға мәжбүр, бұл олардың жағдайын одан әрі ушықтырады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйек айындағы Жолдауында кәсіпкерлікті қолдаудың 100-ден астам шарасы бар екенін, бірақ олардың тиімділігі күмән тудыратынын атап өткен болатын.
«Бұл шараларды реттеп, кәсіпкерлерге түсінікті әрі нақты тізім жасау керек», — деген еді мемлекет басшысы.
Алайда, бүгінгі жағдай бұл тапсырманың әлі де толық орындалмағанын көрсетеді.
Кәсіпкерлердің айтуынша, «Даму» қоры тек жаңа жобаларды қабылдаумен ғана шектелмей, қолданыстағы келісімдерді толық орындауы тиіс. Әйтпесе, бизнес қауымдастық қордан күткен сенімдерін жоғалтуы мүмкін. Ал сенімсіздік экономикаға тікелей теріс әсер ететіні анық.
Қазіргі таңда, қордың болашағы және кәсіпкерлерге субсидияларды қайта жалғастыру уақыты белгісіз. Бір анығы – бұл жағдай шағын және орта бизнестің тұрақтылығына үлкен қауіп төндіріп отыр.