Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады. Бұл мемлекеттік мереке елімізде биыл 34-рет аталып отыр, деп хабарлайды CMN.KZ
Өз құттықтауында Мемлекет басшысы бұл күн еліміздің егемен даму жолын саналы әрі түпкілікті таңдаған халқымыз үшін айрықша мәнге ие екенін атап өтті.
«Тәуелсіздік – бәрінен биік! Осы қағидатты берік ұстану – өткен және болашақ ұрпақ алдындағы тарихи жауапкершілігіміз. Азаматтардың бірлігі, өзара қолдауы мен жасампаз еңбегінің, қоғамдағы тұрақтылық пен келісімнің арқасында Қазақстан Тәуелсіздікті нығайту ісінде айтарлықтай жетістіктерге жетті. Әлем қарқынды түрде өзгеріп, күрделі сын-қатерлерге толы, бірақ жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын жаңа тарихи кезеңге қадам басып жатыр», – деді Президент.
Тоқаевтың айтуынша, осындай жағдайда жас әрі прогрессивті ұлт ретінде қазақстандықтар болашаққа үміт пен сеніммен қарап, бірігіп еңбек етуі тиіс. Бұл еліміздің жаһандық аренадағы бәсекеге қабілеттілігі мен беделін арттырып, оны гүлденген мемлекетке айналдыруға мүмкіндік береді.
«Қазіргі таңда жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформалар бізді табысқа жеткізетініне сенімдімін. Жан-жақты жаңғыртуға бағытталған стратегиялық бағытты берік ұстана отырып, біз Әділетті, Қуатты, Таза, Қауіпсіз Қазақстанды құрамыз. Баршаңызға бақыт, береке және табыс тілеймін! Қасиетті Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын!» – деп түйіндеді Мемлекет басшысы.
