Алматы облысында наурыз айында болған қанды оқиғада 19 жасар студент қызды аса қатігездікпен өлтірген екі азамат 17 жылға сотталды, деп хабарлайды CMN.KZ.
Бұл қылмыс қоғамды дүр сілкіндіріп, үлкен резонанс тудырды.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, айыпталушылар қызбен ортақ танысы арқылы танысып, оған уақытша баспана тауып берген. Бірнеше күннен кейін қаржылық қиындыққа тап болған олар студент қызды «iPhone 13 Pro» телефонын ломбардқа өткізуге мәжбүрлеп, кейін оны қайта сатып аламыз деп уәде еткен. Алайда, олар телефонды қайтармай, керісінше оны 240 мың теңгеге сатып, ақшаны өз қажеттіліктеріне жұмсаған. Сонымен қатар, айыпталушылар қызды 435 мың теңге көлемінде несие алуға көндірген.
Қыз телефонды қайтаруды талап ете бастағанда, айыпталушылар оны өлтіруді жоспарлаған. Наурыздың 15-і күні түнде олар оны үйіне жеткіземіз деген сылтаумен Қонаев-Алматы автожолы бойындағы ашық алаңға апарып, бейсбол таяғымен аяусыз соққыға жыққан. Кейін олар қашып кетпек болып, қызды өртемекші де болған. Өкінішке орай, студент қыз сол жерде алған жарақаттарынан көз жұмды.
Сот барысында айыпталушылардың кінәсі куәгерлердің айғақтары, сараптама нәтижелері және басқа да дәлелдер арқылы толық дәлелденді. Сот олардың әрекеттерінде жеңілдететін немесе ауырлататын мән-жайлар жоқ деп шешті.
Нәтижесінде, екеуі де 17 жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енді.