Өткен жылмен салыстырғанда шоколадты тұтыну көлемі төрттен біріне азайған, деп хабарлайды CMN.KZ 

Бірінші кредиттік бюроның сарапшылары 2025 жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша шоколад тұтынуға қатысты деректерді жариялады. Оған сәйкес, шілде–қыркүйек айларында қазақстандықтар бір адамға шаққанда орта есеппен 195 грамм шоколад тұтынған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 24 пайызға аз. Ал 2025 жылдың екінші тоқсанымен салыстырғанда көрсеткіш 21 пайызға төмендеген.

Сарапшылардың айтуынша, 2010-жылдары мұндай, тіпті одан да төмен тұтыну көлемі Қазақстан үшін қалыпты жағдай саналған.

«Ең төмен көрсеткіштер соңғы рет үш жыл бұрын тіркелген. Жалпы алғанда, бұл деңгей 2011 жылдан бастап 2019 жылдың ортасына дейінгі кезеңде қалыпты болған», – делінген жарияланымда.

Сонымен қатар шоколадты глазурьдегі кәмпиттерді тұтыну көлемі 2011 жылдан бергі ең төмен деңгейге жетіп, бір адамға шаққанда 586 граммды құрады. Алайда бұл көрсеткіш 2024 жылмен және 2025 жылдың екінші тоқсанымен салыстырғанда небәрі жеті пайызға ғана төмен.

Тәтті өнімдерді тұтынудың азаюымен қатар, сарапшылар шоколад пен кәмпит бағасының өскенін де атап өтті. Шоколадтың бағасы бір жыл ішінде үштен біріне қымбаттаса, кәмпиттер 15 пайызға қымбаттаған.

Дегенмен, сарапшылардың айтуынша, соңғы екі жылда шоколадтың қымбаттауы – жаһандық үрдіс.

Share.
Leave A Reply

Exit mobile version