Медеу ауданында тәулік бойы бақылау-құтқару бекеті ашылды. Енді апаттарға жауап берудің орташа уақыты 1,5-2 сағатқа қысқарды. Бұл таулы жерлерде өте маңызды,деп хабарлайды CMN.KZ
Ол №16 өрт сөндіру бөлімінің аумағындағы Кіші Алматы шатқалы, Қимасар, Бутаковка, Просвещенец және Көкжайлау танымал тау маршруттарының жанында орналасқан.
«Бекет жедел әрекет ету үшін қажетті барлық заттармен, соның ішінде арнайы техникамен, жабдықтармен және байланыс құралдарымен жарақталған. Кезекшілікті тәуліктің кез келген уақытында оқиға орнына шығуға дайын білікті құтқарушылар атқарады», – деп айтты Төтенше жағдай министрлігінің баспасөз қызметі.
ТЖ Министрі Шыңғыс Аринов Медеу ауданында тәулік бойы бекет құру Алматы тұрғындары үшін де, туристер үшін де қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған нақты шара екенін атап өтті.
Бұған дейін Экология министрлігі Алматы тау кластерінің дамуына қатысты сынға жауап берді. Туризм вице-министрі Ержан Еркінбаевтың айтуынша, Қазақстанда тау шаңғы туризмін бірегей климаттық және географиялық жағдайларды пайдалана отырып дамыту – дұрыс шешім.