«Лукойл» компаниясының шетелдегі активтерін ықтимал сату мәселесі әзірге ашық күйінде қалып отыр. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов 2025 жылғы 15 желтоқсанда өткен брифингте шешім қабылдау мерзімі қаңтардың ортасына дейін ұзартылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды CMN.KZ

Журналистер бұған дейін процесті желтоқсанның ортасына дейін аяқтау жоспарланғанын еске салып, келіссөздердің қай сатыда тұрғанын және әлеуетті сатып алушылардың бар-жоғын сұрады. Министрдің айтуынша, бастапқы дедлайнды АҚШ Қаржы министрлігі белгілеген және ол 13 желтоқсанда аяқталуы тиіс болған.

«Қазіргі уақытта мерзім қаңтардың ортасына дейін ұзартылды. Біз осы мерзімнің аяқталуын және одан кейінгі қадамдарды күтіп отырмыз», – деді Ақкенженов.

Министр Қазақстан Үкіметінің «Лукойл» активтерін сатып алу жөнінде келіссөздер жүргізіп жатпағанын атап өтті. Дегенмен, бұл активтерге әлемнің әр түкпіріндегі компаниялар қызығушылық танытып отыр.

«Менің білуімше, әлемде бұл активтерге қызығушылық білдіріп отырған компаниялар өте көп. Асықпай, күтейік. Бірақ еске салғым келеді: Қазақстан Республикасының Жер қойнауы туралы кодекске сәйкес басымдық құқығы бар, және алдағы уақытта біз оны пайдаланамыз ба, жоқ па – соны шешеміз», – деді ол.

Министрдің айтуынша, түпкілікті шешімдер ұзартылған мерзім аяқталғаннан кейін қабылданады.

Share.
Leave A Reply

Exit mobile version