Алматы облысында прокуратураның жедел-іздестіру және тергеу басқармаларының басшылары қызметтерінен босатылды, деп хабарлайды CMN.KZ дереккөзі.

Бұл қадам Талғардағы жасөспірімнің өлімінен кейін, құқық қорғау органдары мен қала әкімдігі, сондай-ақ прокуратурада болған кадрлық өзгерістер аясында жасалды. Бірнеше күн ішінде қызметінен жеті адам босатылған.

Бұған дейін Бас прокуратура қылмыстық процесс заңдылығын қадағалау барысында жіберілген елеулі кемшіліктер үшін Талғар ауданы прокуроры мен Алматы облысы прокурорының орынбасары қызметінен босатылғанын мәлімдеген болатын. Сондай-ақ, өз міндеттерін тиісінше атқармағаны үшін Талғар әкімі Бақыт Күрішбеков пен оның орынбасары Сағындық Матан да қызметтерінен шеттетілді.

Сонымен бірге, президент ұйымдасқан қылмыспен күрес бойынша жауапты болған ішкі істер министрінің орынбасары Айдос Рысбаевты да қызметінен босатты. Ол бұл қызметті 2023 жылдың қарашасынан бастап атқарған еді.

Естеріңізге сала кетейік, 4 қазанда Талғар қаласында 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болаттың қатысуымен қанды оқиға болды. Ер адамдар сөзге келіп, жанжал соңы пышақ салумен аяқталған. Шерзат ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді, бірақ дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.

Кейінірек, қайтыс болған жасөспірімнің үйіне от қойылған. Қазіргі таңда бұл қылмыстарды Бас прокуратураның ерекше бақылауына алды.

Бұл оқиға бүкіл Қазақстанды дүр сілкіндірді, бірақ Талғар тұрғындарының айтуынша, бұл тек «мұзтаудың ұшы ғана», ал жергілікті билік басқа да көптеген қылмыстарды үнсіз жауып келеді.

Share.

Leave A Reply

Exit mobile version