«Жолаушылар тасымалы» АҚ 1 маусымнан бастап №614/613 «Орал–Маңғыстау» бағытындағы пойыз құрамында әйелдер вагонын іске қосады. Осылайша, жаңа вагонның қосылуымен «Әйелдер вагоны» қызметі көрсетілетін бағыттардың жалпы саны 12-ге жетеді, деп хабарлайды CMN.KZ

Ұлттық тасымалдаушының баспасөз қызметінен хабарлағандай, қазіргі уақытта әйелдер вагондары келесі бағыттарда жүреді:

  • №77/78 «Алматы – Маңғыстау»;
  • №351/352 «Алматы – Маңғыстау»;
  • №45/46 «Павлодар – Түркістан»;
  • №37/38 «Маңғыстау – Семей»;
  • №47/48 «Атырау – Астана»;
  • №33/34 «Ақтөбе – Алматы»;
  • №4/3 «Астана – Алматы»;
  • №71/72 «Астана – Шымкент»;
  • №354/353 «Астана – Семей»;
  • №24/23 «Ақтөбе – Алматы»;
  • №25/26 «Алматы – Шымкент»;
  • №614/613 «Орал – Маңғыстау».

«Әйелдер вагонында билеттер тек әйел жолаушыларға сатылады, ал қызмет көрсету міндетін арнайы дайындықтан өткен әйел жолсеріктер орындайды. Сонымен қатар, бұл вагонда жеті жасқа дейінгі ұл балалардың бірге жүруіне рұқсат берілген», – деп атап өтті «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметінде.

Әйелдер вагонына билеттерді вокзалдағы кассалардан сатып алуға болады. Бұл кезде касса қызметкеріне осындай вагонынан орын таңдағыңыз келетінін алдын ала айту қажет. Сондай-ақ билеттерді bilet.railways.kz ресми сайтынан онлайн сатып алуға мүмкіндік бар.

Онлайн рәсімдеу кезінде билеттің әйелдер вагонына тиесілі екенін білдіретін «ӘВ» (әйелдер вагоны) белгісіне назар аудару керек.Билеттер сатылымы пойыздың жөнелтілуіне 45 күн қалғанда ашылады.

Бұған дейін ҚТЖ жолаушыларға арналған алғашқы спутниктік ғаламторды іске қосты. 2025 жылы 26 қаңтарда № 3/4 «Астана-Алматы» пойызының алғашқы 500 жолаушысы ғаламторға қол жеткізді. Жол бойындағы барлық 17 сағат ішінде адамдар WhatsApp арқылы жақындарына бейне қоңыраулары жасап, YouTube бейнебаяндарын көріп, басқа танымал ғаламтор қызметтеріне кіре алды.

Share.
Leave A Reply

Exit mobile version