Қазақстанның стратегиялық көлік дәлізі саналатын «Қарағанды-Балқаш» тас жолының 363 шақырымдық бөлігі қайта жаңартылып, пайдалануға берілді, деп хабарлайды CMN.KZ.

«КазАвтоЖол» мәліметінше, бұл учаске «Орталық-Оңтүстік» дәлізінің маңызды бөлігі (Астана—Қарағанды—Алматы) болып табылады. Қайта жаңарту барысында жол III санаттан I-б техникалық санатқа ауыстырылды. Бұл төрт жолақты қозғалысты қамтамасыз етіп, қауіпсіздік пен жайлылық деңгейін айтарлықтай арттырды.

Жобада қамтылған жұмыстар:

  • 11 көпір салынды;
  • ауылшаруашылық техникалары үшін 32 өткел жасалды;
  • үш ірі көлік айрығы тұрғызылды;
  • теміржолдан өтетін бір жол өткелі салынды.

Жол бойында 18 демалыс алаңы, 24 автобус аялдамасы және 1452 жарықтандыру бағаны орнатылды. Қазірдің өзінде бұл учаскеде тәулігіне 18 мың автокөлік өтсе, жаз айларында бұл көрсеткіш 25 мыңға дейін жетеді деп күтілуде.

Мамандардың айтуынша, «Орталық-Оңтүстік» дәлізі елдің солтүстігі мен оңтүстігін ғана емес, Ресей, Қытай, Қырғызстан және Өзбекстан бағыттарындағы транзиттік маршруттарды да байланыстырады.

Сонымен қатар, «КазАвтоЖол» республикалық маңыздағы басқа бағыттарда, атап айтқанда, Қарағанды—Аягөз—Тарбағатай—Бұғаз, Ақшатау—Ағадыр—Ортау, Қызылорда—Павлодар—Үспенка және Бастау—Ақтау—Теміртау учаскелерінде орташа жөндеу жұмыстарын аяқтады.

2025 жылы ұзындығы 513 шақырымды құрайтын «Қарағанды-Жезқазған» автожолын қайта жаңарту басталады. Бұл жобаның ауқымы Қарағанды және Ұлытау облыстарын қамтиды. Бұдан бөлек, ұзындығы 412 шақырым болатын «Жезқазған-Қызылорда» жолының жаңарту жұмыстары жалғасуда.

Айта кетейік, 2023-2024 жылдары мемлекеттік органдарға жол сапасына қатысты 20 мыңнан астам шағым түскен. Соған қарамастан, соңғы бес жылда жол инфрақұрылымына 6 трлн теңге бөлінген.

Share.

Leave A Reply

Exit mobile version