Павлодардағы ірі өндірістік кәсіпорын рейдерлік шабуылға ұшырады. Бұл іске қылмыс әлемінің серкесі ретінде танылған күдікті қатысқан. 4 қарашада Экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері прокуратурамен бірлесіп, оны арнайы операция барысында қолға түсірді, деп хабарлайды CMN.KZ.
Заңсыз әрекеттері нәтижесінде кәсіпорын иелеріне 1 миллиард теңгеден астам шығын келтірілген.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, күдікті Павлодар қаласының мамандандырылған тергеу сотының шешімімен екі айға қамауға алынды. Қазір оның басқа да рейдерлік шабуылдарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр. Әсіресе, жеке және заңды тұлғалардың жылжымайтын және жылжымалы мүліктерін тартып алу деректері мұқият зерттелуде.
Соңғы жылдары елімізде қылмыстық топтарға қарсы «тазалау» шаралары белсенді жүргізілуде. Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мен рейдерлік әрекеттерді түбегейлі жою жолында құқық қорғау органдары жүйелі түрде жұмыс істеп жатыр.