Қонаевта өткен брифинг барысында құқық қорғау органдары мен прокуратура өкілдері оқиғаның кейбір деректерін ашып берді, деп хабарлайды CMN.KZ тілшісі.

ІІМ Тергеу департаменті басшысының орынбасары, полиция полковнигі Самат Айысов бейнебақылау камераларындағы жазбаларды көрсетті. Онда желіге тараған қайғылы төбелес сәттері түсірілген.

ІІМ нұсқасы бойынша, жанжал «бір бөтелке сырадан» емес, біраз уақыттан кейін, марқұм Шерзат Болат пен сатып алушы көшеге шыққан кезде басталған.

Алматы облысының прокуроры Берік Адамов өрт қою фактісін ресми түрде растады. Талғарда қаза болған Шерзат Болаттың үйі сырттан от қойғаннан өртенген. Өрт болған жерден қолғап пен канистра табылған.

«Біз әділдікті қамтамасыз ету және үйді өртегендерді табу үшін жұмыс істеп жатырмыз», – деді Алматы облысының прокуроры Берік Адамов.

Бейнежазбаның әлеуметтік желіге таралуына байланысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл туралы ҚР ІІМ бірінші орынбасары Бауыржан Әленов мәлімдеді. Сондай-ақ, Шерзат Болатты өлтіру ісі бойынша 10 адам күдікті ретінде қаралып жатқанын айтты. Ұсталғандар арасында бұрын бұзақылық жасағаны үшін сотталғандар бар.

«Видеода көрген барлық адамдар тергеуде. «Хуторские» атты қылмыстық топ тіркеуде жоқ, барлық деректер тексерілуде. Хасанның қылмыстық істегі мәртебесі жоқ. Іс бойынша бір тегіс ұңғылы мылтық пен үш пышақ бар. Олардың кімге тиесілі екенін айтуға әлі ерте, сараптамалар жүргізіліп жатыр», — деді Әленов.

ІІМ бірнеше қылмыстық істі қатар тергеуде, оның ішінде бұзақылық, кісі өлтіру, хабарламау және қауіп төндіру фактілері бойынша да тергеу жүруде.

Бұған дейін Талғарда болған оқиғаларға байланысты қала әкімі мен әкімнің орынбасары міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін қызметтерінен босатылғаны белгілі болды. Талғар ауданының әкіміне өзіне тиесілі аумақта бақылауды әлсіреткені үшін қатаң сөгіс берілді.

Апта бұрын Талғарда 16 жастағы жасөспірімнің өлімі болған еді. 3-нен 4-не қараған түні ер адамдар ауызша жанжалдан кейін төбелесіп қалған. Төбелес барысында бір ер адам 16 жастағы Шерзат Болатты пышақтап жіберген. Жәбірленуші ауруханаға ауыр жағдайда жеткізілді. Дәрігерлер оны құтқаруға тырысқанымен, өмірін сақтап қала алмады.

Кейін марқұм Шерзат Болаттың үйі өртеніп, полиция отбасыны күзетке алған. Кісі өлтіру және өрт қою ісін ҚР Бас прокуратурасы жеке бақылауына алды. Қоғам белсенділері марқұмның отбасына қолдау көрсетті.

Share.

Leave A Reply

Exit mobile version