Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың қорғаушысы Ерлан Ғазымжанов қоғамда қызу талқыға түскен «жоғалып кетті» деген қауесеттерге жауап берді. Оның айтуынша, Бишімбаев қазіргі таңда Степногорск маңындағы №5 қатаң режимді колонияда жазасын өтеуде. CMN.KZ тілшісіне берген сұхбатында адвокат бұл ақпаратты «жалған» деп атады.

Ғазымжановтың сөзінше, колониядан қашып кету туралы қауесеттер әдейі таратылған.

«Оның жазасын толық заң аясында өтеп жатқанын, мен тұрақты түрде барып кездесіп тұратынымды айта аламын. Айтбек Амангелді, Жанна Оразбақова мен Назым Қахарман оның онлайн сот отырысына қатысқанын өз көздерімен көрді», — деді адвокат.

Экс-министрдің екі азаматтық іс бойынша мүддесін Ерлан Ғазымжанов қорғап отыр. Бірінші іс — бұрынғы әйелі Назым Қахарманның оны ата-ана құқығынан айыру талабы. Екінші іс — Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелдінің моралдық және материалдық шығынды өтеу туралы талабы.

Адвокаттың айтуынша, Амангелді 17 миллион теңгеге қатысты сот шешіміне қарсы шағым түсірді. Астана қаласының ауданаралық соты Бишімбаевты моралдық зиян үшін 10 миллион теңге, тергеу шығындары үшін 6,9 миллион теңге төлеуге міндеттеген болатын. Амангелді бастапқыда 1,5 миллиард теңге талап еткен еді.

Еске сала кетсек, жақында Қазнетте Қуандық Бишімбаевтың колонияда емес екендігі туралы ақпарат тараған еді. Бұл мәселе бойынша ІІМ ҚАЖК жалған ақпарат таратқандарға қатысты қылмыстық іс қозғады.

Share.

Leave A Reply

Exit mobile version