Бүгін, 28 сәуір күні Алматыда қоғамдық көліктің қатысуымен ЖКО орын алған. Автобус аялдамада тұрған троллейбусқа соғылды. Апат салдарынан 13 адам медициналық көмекке жүгінді, деп хабарлайды CMN.KZ
Куәгерлердің айтуынша, №25 автобус Абай даңғылы мен Розыбакиев көшесінің қиылысы маңындағы аялдамада тұрған №19 троллейбусқа соғылған.
Алматы Полиция департаментінде апат фактісі расталды.
«Автобус жүргізушісі Абай даңғылымен шығыс бағытта келе жатып, жүргізушісі аялдама кешеніне жолаушыларды түсіріп, отырғызумен айналысқан троллейбусқа соқтығысты. ЖКО нәтижесінде алдын ала мәліметтері бойынша 13 адам медициналық көмекке жүгінген», – деп атап өтті ПД баспасөз қызметі.
Қазір Бостандық ауданының полиция қызметкерлері апат фактісі бойынша тергеу жүргізуде.
Бұған дейін Қарағанды облысында автобус жүк көлігіне соғылғаннан адам қаза тапты. ЖКО Қарағанды – Теміртау тас жолында орын алды. Апат салдарынан автобустың 26 жасар жолаушысы алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды.