Өрт Алматы облысындағы теннис клубының аумағында орын алды. От жалыны 1000 шаршы метр аумағына тарады, деп хабарлайды CMN.KZ
Қазақстан ТЖМ баспасөз қызметінен хабарлағандай, Талғар ауданы Бесағаш ауылындағы жеке теннис клубының аумағында әкімшілік ғимарат, тенттен жасалған қаңқалық құрылым, теннис кортының жабыны және үрлемелі күмбез жанған.
«Өрт сөндірушілер келген кезде ашық жану орын алып, көрші үйге және жақын орналасқан теннис кортына оттың таралу қаупі болды. ТЖД қызметкерлері жанында тұрған теннис корты мен жеке тұрғын үйді өрттен қорғап қалды», — делінген министрлігінің хабарламасында.
Жалпы ауданы 1000 шаршы метрден астам алаңдағы отты сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ. Өрттің себебі анықталуда.
Бұрын Ресей мен Қазақстан шекарасында алапат өрт орын алды. Бұл табиғи апат Жітіқара ауданында басталып, өрт тез арада Қазақстан аумағына өтті.