Әлеуметтік желіде Атыраудағы көпқабатты үйлердің маңынан әйелдің денесі табылғаны туралы видео тарады. Ол сегізінші қабаттан құлап, қаза тапты, деп хабарлайды CMN.KZ
46 жастағы әйелдің денесі Алмагүл шағын ауданындағы көпқабатты үйлердің ауласынан табылды. Аtyrauoil.official Instagram парақшасында жедел жәрдем қызметкерлерінің оқиға орнында әрекет еткен кадрлары жарияланды.
«9 қаңтар күні сағат 11:00 шамасында Алмагүл мөлтек ауданындағы көпқабатты үйлердің бірінің 8 қабатынан 46 жастағы әйел құлаған. Оның өліміне қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабымен (Өзіне қол жұмсауға жеткізу) қылмыстық іс тіркелді», — деп айтылады облыстық полиция хабарламасында.
Заңқорғаушылар мән-жәйін тексеріп, тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.
Бұрын Батыс Қазақстан облысының Ақсай қаласында болған қайғылы оқиға полицияның батылдығы арқасында болдырылмады. Алтыншы қабаттан секірмек болған жас қызды полицейлер құтқарып қалды.