Түркістанның рухани астана ретінде ерекше мәртебесі бекітіледі. Осы мақсатта қаланың тарихи-мәдени мұрасын сақтау және дамыту үшін арнайы заң қабылданады, деп хабарлайды CMN.KZ.
Мәжілісте «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заң жобасы мақұлданды. Жоба аясында археологиялық ескерткіштерді қорғау үшін резерват құрылып, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің айналасындағы құрылысқа шектеулер енгізіледі. 100 метр радиустағы ғимараттардың биіктігі жеті метрден аспауы тиіс, ал пайдаланылатын материалдар тарихи стильге сәйкес болуы қажет.
Аудандық әкімдік тарихи ескерткіштерді қорғау мен оларды қайта құруға жауапты болады. Сонымен қатар, дәстүрлі қолөнершілердің шығындарын өтеу және туризм саласын дамытуға бағытталған жобаларға қолдау көрсету қарастырылған.
Депутат Ардақ Назаров Түркістанда алкоголь ішімдікке тыйым салуды ұсынды.
«Түркістан — рухани астана. Мұнда біздің ата-бабаларымыздың бейіттері, әулиелер мен билер жатыр. Бұл жерге шетелдік қонақтар көптеп келеді. Егер біз оларды мас күйде қарсы алсақ, бұл үлкен ұят болмақ. Қаланы «алкогольсіз аймақ» деп жариялауға бола ма?» — деді ол.
Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың айтуынша, Түркістанда «Сауыққан ауыл» жобасы жұмыс істейді, бірақ бизнес өкілдерінің пікірі әртүрлі болғандықтан, бұл мәселе әлі де талқыланбақ.
Мәжіліс заң жобасын екінші оқылымда талқылауды жалғастырады.