Батыс Қазақстан облысында қыс алғашқы адам шығындарын алып келді. Бұған дейін өңірде үш ер адамның мәйіті табылған. Алдын ала болжам бойынша, олар адасып кетіп, үсіп қалған, деп хабарлайды CMN.KZ
Тағы бір адам тірі күйінде табылды, алайда оның аяқ-қолдары үсік шалған. Ол Орал қаласындағы медицина қызметкерлеріне тапсырылды.
Сонымен қатар Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, хабар-ошарсыз кеткендер қатарында 1971 жылы туған тағы бір ер адам болған.
«Жаңғалы ауданының тұрғыны 15 желтоқсанда мал суару үшін елді мекеннен бес шақырым қашықтықта орналасқан құдыққа шыққан және қайта оралмаған. Оның жанында ұялы телефон болмаған», – деп хабарлады министрлікте.
Іздестіру жұмыстарына ТЖД, ТЖМ, полиция қызметкерлері мен жергілікті атқарушы органдар тартылды. Сондай-ақ «Қазавиаспас» АҚ-ның МИ-8 тікұшағы әуеге көтерілді.
Ер адам бастапқы іздеу аймағынан 30 шақырым қашықтықта – Ақжайық ауданына қарасты «Бахас» қыстауынан табылды. Ол медициналық көмекке мұқтаж болмаған.
Сонымен қатар Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті ауа райының күрт нашарлауы туралы да ескерту жариялаған, синоптиктер жолдарда көктайғақ, таулы аймақтарда қар және тұман болатынын айтқан.

