Бүгін барлық алматылықтарға жер сілкінісі туралы хабарлама келді, бірақ оны ешкім сезбеді. Оның Қырғызстанда болғаны белгілі болды, деп хабарлайды CMN.KZ
23 қазан күні сағат 12:20-да Астана уақытымен ҚР ТЖМ «ҰҒЦНИ» ЖШС сейсмостанциялары жер сілкінісін тіркеді. Эпицентрі Алматы қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 136 шақырым жерде, Қырғызстан аумағында орналасқан.
Мамандардың айтуынша, магнитудасы 4,9, тереңдігі — 10 шақырым. Қазақстан аумағындағы ауытқулар сезілмеді.
Сейсмодатчиктердің деректері бойынша, ол Алматының тұрғындары пен инфрақұрылым нысандарына қауіп төндірмейді.
«Сейсмикалық оқиға туралы хабарлама автоматты түрде қалыптастырылды. Бұл хабарлама жүйенің тестілік-жауынгерлік режимінде жұмыс істеуінің бір бөлігі болып табылады және қате емес. Ұлттық сейсмологиялық бақылау және зерттеу орталығының датчиктері мен жабдықтарын «MassAlert» жаппай хабарлау жүйесіне интеграциялау жұмыстары жалғасуда», — делінген хабарламада.
Мамандар сейсмикалық станциялар мен датчиктерді зерттеп, оқиғаның барлық мән-жайын анықтауда.
«Халыққа жолданатын хабарламалар болашақта барынша нақты әрі түсінікті болуы үшін параметрлер мен алгоритмдерді нақтылау және баптау жұмыстары жүргізілуде».
Бұған дейін 2 қыркүйекте Алматыда екі жер сілкінісі тіркелді. Жер асты дүмпулерінің эпицентрі Алматы қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 319 шақырым жерде, Қытай аумағында орналасқан. Эпицентрдегі жер сілкінісінің күші 5,4 баллды құрады, ал Алматыда қауіп төндірмейтін әлсіз дүмпулер сезілді.