Бұрын жеке компанияға заңсыз берілген Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің активтері мемлекет балансына қайтарылды, деп хабарлайды CMN.KZ
Қаржы мониторингі агенттігі хабарлағандай, 2018–2020 жылдары университеттің бұрынғы басшылығы «Технопарк «Алтай» ЖШС-нің жарғылық капиталындағы 78% мемлекеттік мажоритарлық үлесті заңсыз түрде жекеменшікке өткізген. Мәміле заңнаманы бұза отырып жасалды.
«Мемлекет басшысының заңсыз шығарылған активтерді қайтару жөніндегі тапсырмасын орындау аясында университетке жалпы құны 1,5 млрд теңге болатын «Технопарк «Алтай» ЖШС-дегі 100% үлес, 8 мың шаршы метрлік ғимарат пен 1,3 га жер телімі қайтарылды», – деді агенттік баспа-сөз қызметі.
Енді қайтарылған нысандарды университеттің қажеттіліктері үшін пайдалану жоспарлануда: онда зертханалық және оқу үй-жайлары орналастырылады, сондай-ақ травматология, ортопедия және онкологиялық протездеу үшін өнім шығаруға бағытталған медициналық инновациялық кластер құрылады.