Полиция қызметкерлері Алматы метрополитенінде қауіпсіздік шараларын күшейтті. Құқық қорғау органдары станцияларды қызметтік иттермен бірге тексеріп жүр, деп хабарлайды CMN.KZ
Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі заңсыз әрекеттердің, оның ішінде есірткі және басқа да тыйым салынған заттардың заңсыз айналымымен байланысты әрекеттердің алдын алуға ерекше назар аударылатынын хабарлады. Ол үшін заманауи бақылау құралдары бар мамандандырылған технологиялық бөлімшелер жұмыс істейді.
Бұл ретте тәжірибелі мамандар мен олардың төрт аяқты көмекшілері күн сайын метро бекеттері мен пойыздарды күзетеді.
«Метрополитен – күн сайын ондаған мың жолаушы жүретін стратегиялық маңызды нысан. Сондықтан біздің міндетіміз — барынша қауіпсіз ортаны құру. Біз қауіпсіздік шараларын күшейттік, техникалық құралдар мен қызметтік иттерді пайдалана отырып нысандарды үнемі тексеріп отырамыз. Әр алматылық өзін қорғалған сезінуі үшін біз басқа құқық қорғау органдарымен тығыз жұмыс жасаймыз», — деді, Метрополитендегі полиция басқармасының басшысы Батуржан Абдумасаров.
Бұған дейін Алматы метрополитені қос функциямен жаңа қоршауларды сынақтан өткен. Олар қорғаныс тосқауылы ретінде қызмет етіп, жарнамалық құрылым ретінде қолданылады.