Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов Үкімет отырысында ұлттық валютаның қазіргі бағамына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды CMN.KZ
Оның айтуынша, жыл басынан бері теңге бағамы 2,4%-ға нығайып, бір АҚШ доллары 512,57 теңгені құрады.
«Бағамның қазіргі динамикасы көбіне дезинфляциялық саясат аясында жүргізіліп отырған салыстырмалы түрде қатаң ақша-несие шарттарымен байланысты. Бұл теңгедегі активтердің тартымдылығын, соның ішінде шетелдік инвесторлар үшін де, арттырды», – деп түсіндірді Сүлейменов.
Сондай-ақ ол резидент емес инвесторлардың ҚР мемлекеттік бағалы қағаздарына салған портфельдік инвестициялары жыл басынан қараша айына дейін 750 млрд теңгеге артқанын, ал қараша айының өзінде өсім 340 млрд теңгені құрағанын айтты.
Сүлейменовтің сөзінше, ұлттық валюта бағамын қолдау Ұлттық банк тарапынан шетел валютасын сату есебінен де қамтамасыз етіліп отыр. 11 айдың ішінде Ұлттық қордан бюджетке трансферттер аясында 7,8 млрд АҚШ доллары сатылған. Сонымен қатар алтын сатып алу операцияларын айна-қатесіз теңестіру (айна операциялары) көлемі 6,1 млрд АҚШ долларын құраған.
Бұған дейін Ұлттық банк төрағасы Қазақстанда жылдық инфляцияның төмендеуіне не әсер еткенін айтқан болатын.

