Журналист Данияр Әділбеков жалған жала жабу және әдейі жалған ақпарат тарату баптары бойынша кінәлі деп танылды, деп хабарлайды CMN.KZ.
Тергеу мәліметтері бойынша, мұнай трейдері Ерлан Саудегеров Telegram-дағы «Дикая орда» арнасының авторы Әділбековке арнайы тапсырма берген. Ол тапсырмада Астана әуежайының бас директоры Юсуф Рашед Әлжаудер және журналист Гүлжан Ерғалиева туралы жағымсыз жазбаларды жариялау қажет болған.
Сот Ерғалиеваның азаматтық талап-арызын ішінара қанағаттандырды.
«Әділбековтен Ерғалиеваның пайдасына 500 мың теңге моральдық зиянды және 1 млн 700 мың теңге өкілдік шығындарды өндіріп алу туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ мемлекет кірісіне 1 846 теңге мемлекеттік баж салығын төлеуге міндеттеді. Азаматтық талаптың орындалуын үш күн ішінде ерікті түрде орындау мерзімін белгіледі», — деп мәлімдеді сот.
Дегенмен, сот Ерғалиеваның 14 млн 793 мың 653 теңге көлеміндегі материалдық шығын талаптарын қанағаттандырмады. Сондай-ақ, сот ісі бойынша шығындарды мемлекет пайдасына өтеу жүктелді: Әділбековке — 123 232 теңге, Саудегеровке — 841 теңге. Сонымен қатар, әрқайсысы Жәбірленушілер қорына 20 АЕК көлемінде (73 840 теңге) міндетті төлем төлеуге міндеттелді.
Сот Данияр Әділбековті келесі баптар бойынша кінәлі деп тапты: ҚР ҚК-нің 419-бабының 3-бөлімі — «Жалған жала жабу, тұлғаны сыбайлас жемқорлыққа, ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасауға айыптау»; және 274-баптың 2-бөлімі 3-тармағы — «Әдейі жалған ақпарат тарату, БАҚ, телекоммуникациялық желілер және онлайн платформаларды пайдалану». Барлық қылмыстық құқық бұзушылықтарды ескере отырып, журналистке 4 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Ол жазасын орташа қауіпсіздік қылмыстық-атқару мекемесінде өтейді.
Ерлан Саудегеровке шартты түрде 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Еске салайық, журналист Әділбековтің қамауға алынғаны туралы 2024 жылдың 1 сәуірінде хабарланған болатын.