2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыссыз азаматтар мен табысы төмен қазақстандықтар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне жергілікті бюджет есебінен қол жеткізе алады, деп хабарлайды CMN.KZ
Денсаулық сақтау министрлігінде қазіргі таңда МӘМС жүйесінде шамамен 16,8 млн адам сақтандырылғанын, оның 12,3 миллионы жеңілдікті санаттарға жататынын атап өтті.
«Сонымен қатар 3,6 млн адам әлі де жүйеден тыс қалып отыр. Оның ішінде өмір сүру деңгейі қолайлы және қанағаттанарлық 2,5 млн қазақстандық, сондай-ақ әлеуметтік әл-ауқаты дағдарыстық және шұғыл деңгейдегі 1,1 млн азамат бар», – деп мәлімдеді министрлікте.
Бұл табысы төмен, жұмыс істемейтін және соңғы үш ай ішінде міндетті зейнетақы жарналарын төлемеген адамдар туралы болып отыр.
«Қабылданған заңға сәйкес, әлеуметтік әл-ауқаты дағдарыстық және шұғыл деңгейдегі азаматтар үшін МӘМС жарналарын төлеу жергілікті атқарушы органдарға жүктеледі. Жарналар адамның медициналық көмекке жүгіну фактісі бойынша төленеді, бұл қажетті медициналық қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз етеді», – деп түсіндірді бөлімде.
Осы шаралардың арқасында 2026 жылы МӘМС жүйесіне қосымша шамамен 1 млн адам қол жеткізеді.



Медициналық көмек алу үшін азамат тұрғылықты жері бойынша емханаға тіркелуі қажет.
МӘМС жүйесіндегі мәртебені мына жолдармен тексеруге болады:
- Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының сайтында – msqory.kz;
- SaqtandyryBot Telegram-боты арқылы;
- Qoldau 24/7, Damumed мобильді қосымшаларында, сондай-ақ екінші деңгейлі банктердің қосымшаларында (Kaspi, Halyk, БЦК, Freedom, Bereke, Home Credit, Еуразиялық банк, ForteBank).

