Жол қозғалысы ережесін жүйелі түрде бұзатын жүргізушілерге айыппұлды жеңілдікпен төлеу құқығы шектелуі мүмкін. Бұл туралы Сенат кулуарында депутат Марат Қожаев мәлімдеді, деп хабарлайды CMN.KZ
Оның айтуынша, нақты шек белгілеу ұсынылып отыр: егер жүргізуші бір күнтізбелік жыл ішінде жол қозғалысы ережесін 10 және одан да көп рет бұзса, онда ол келесі айыппұлдарды төлеу кезінде 50 пайыздық жеңілдікті пайдалана алмайды.
Депутат бұл бастаманы бұған дейін Үкіметке жолдағанын, онда ұсыныс алдын ала қолдау тапқанын атап өтті.
Келесі кезеңде мәселе заңнамалық деңгейде пысықталады. Тиісті норма Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске енгізілетін түзетулер пакеті аясында қарастырылмақ.
Марат Қожаевтың айтуынша, бұл шара жолдағы тәртіпті күшейтуге, сондай-ақ қайталанатын құқықбұзушылықтар санын азайтуға бағытталған.
CMN.KZ ресми Telegram арнасына жазылыңыз