Қазақстанда нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес бойынша жаңа үш жылдық жоспар дайындалып жатыр. Билік технологияларға, алдын алуға және қатаң жазаларға басымдық бермек. Атап айтқанда, есірткі бизнесін ұйымдастырушыларға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылып отыр, деп хабарлайды CMN.KZ.
Негізгі өзгерістер туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов мәлімдеді. Оның айтуынша, жаңа жоспар ішкі статистиканы ғана емес, синтетикалық есірткі мен онлайн-сауданың алдыңғы орынға шыққанын көрсететін жаһандық үрдістерді де ескереді.
«Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл реактивті емес, алдын ала болуы тиіс. Біз есірткі бизнесінің қаншалықты тез өзгеріп жатқанын көріп отырмыз және оған жүйелі әрі технологиялық тұрғыда жауап беруге міндеттіміз», – деді Әлжанов.
Тек 2025 жылдың өзінде құқық қорғау органдары:
-
шамамен 4 мың есірткі қылмысының жолын кесті;
-
2 700-ден астам сату дерегін анықтады;
-
49 тонна есірткі затын тәркіледі;
-
шамамен 1,5 тонна синтетикалық есірткіні айналымнан шығарды – бұл 4,5 млн бір реттік доза тұтынушыларға жетпеді деген сөз.
-
Фото: Айерке Кабди, CMN.kz
Жаңа жоспарда цифрлық құралдарға ерекше назар аударылған. ІІМ жасанды интеллектті талдау және жедел жұмыстарда кеңінен қолдануды, сондай-ақ газанализаторлар мен спектралды камералармен жабдықталған дрондарды пайдалануды жоспарлап отыр.
«Қазіргі есірткі бизнесі – бұл тек көше емес, интернет, қаржы және цифрлық іздер. Жаңа технологияларсыз бұл салада нәтиже көрсету мүмкін емес», – деп атап өтті ІІМ өкілі.
Тағы бір маңызды бағыт – қаржылық тізбектер. 2025 жылдың күзінен бастап Қазақстанда дропперлік үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Қазірдің өзінде бөтен банк карталарын пайдаланудың ондаған фактісі анықталды, олардың едәуір бөлігі есірткі саудасымен байланысты.
Сонымен қатар алдын алу шаралары күшейтілуде. ІІМ еске салғандай, 2025 жыл Нашақорлықтың алдын алу жылы болып жарияланып, министрлік жанынан алғаш рет қоғам қайраткерлері, спортшылар мен жастар өкілдері кіретін Есірткі құқықбұзушылықтарының алдын алу кеңесі құрылды. Осындай құрылымдар өңірлерде де жұмыс істеп жатыр.
«Кеңестердің жұмысы формалды емес. Бұл – жеке үлгі, диалог және жастарды тарту арқылы жүзеге асатын тірі профилактика», – деді Әлжанов.
Билік жаңа жоспардың іске асуы есірткінің қолжетімділігін төмендетуге, жасөспірімдер арасындағы қылмысты азайтуға, сондай-ақ онлайн-контент пен халықаралық жеткізу арналарын бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді деп күтуде.
CMN.KZ ресми Telegram арнасына жазылыңыз