Жекеменшік мектептер мемлекеттік қаржысыз қаламыз ба деп алаңдайды

Частная школа коллаж
Коллаж: CMN.KZ

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Turkistan газетіне берген ауқымды сұхбатында Қазақстандағы орта білім беру жүйесіндегі жан басына шаққандағы қаржыландыру тетігін сынға алғаны белгілі. Арада 10 күн өткен соң, 15 қаңтарда жекеменшік мектеп өкілдері өз ұстанымдарын білдіруге шешім қабылдады. Олардың не айтқаны туралы CMN.KZ баяндайды.

Алдымен президенттің нақты неден көңілі қалғанын еске салайық. Міне, сол сұхбаттағы дәйексөз:

«Орта білім беру жүйесін алайық. Онда тіпті жекеменшік мектеп иелері де қомақты мемлекеттік субсидия алып отыр. Барлық өңірлер жекеменшік мектептерді, балабақшаларды, оқу орталықтары мен үйірмелерді жан басына шаққандағы қаржыландыру қағидаты бойынша ұстауға қомақты қаражат бөлуге міндеттелген. Бұл ретте бюджет қаражаты ата-аналар балаларын оқыту үшін үлкен ақша төлейтін, бай кәсіпкерлерге тиесілі элиталық мектептерге де бағытталып отыр».

Келесі күні премьер-министр Олжас Бектенов өткізген кеңесте де элиталық мектептерге жан басына шаққандағы қаржыландыру бөлу мәселесі көтерілді.

Алайда 15 қаңтарда Қазақстанның баспасөз клубында өткен баспасөз мәслихатында жекеменшік мектеп өкілдері мәселе тек элиталық оқу орындарына ғана емес, барлық жекеменшік мектептерге әсер етуі мүмкін деп алаңдайтындарын айтты.

Спикерлердің айтуынша, бүгінде Қазақстан бойынша шамамен 850 жекеменшік мектеп бар, онда төрт миллион оқушының 300 мыңға жуығы білім алады. Соның 40 мыңы Алматы қаласында, ал қалғаны елдің өзге өңірлерінде орналасқан.

Салтанат Мурзалинова-Яковлева
Фото: Казахстанский пресс-клуб

Алайда бірнеше рет атап өтілгендей, бұл мектептердің басым бөлігі элиталық санатқа жатпайды. Спикерлер келтірген дерекке сүйенсек, жекеменшік мектептердегі ата-аналар төлейтін орташа оқу ақысы 105–120 мың теңгені құрайды. Ал 330 жекеменшік мектепте ата-аналардан мүлде ақы алынбайды – олар тек жан басына шаққандағы мемлекеттік қаржыландыру есебінен жұмыс істейді.

«Мысалы, бізде инклюзивті мектеп бар. Иә, ол жекеменшік, бірақ бұл тек меншік нысанына байланысты. Яғни, біз мемлекеттік мекеме емеспіз, жеке ұйымбыз. Соған қарамастан, барлық тексеруден өтіп, барлық стандарттарды сақтаймыз», – дейді Insight School мектебінің тең құрылтайшысы Салтанат Мурзалинова-Яковлева.

Мемлекеттік және жекеменшік мектептер алатын жан басына шаққандағы қаржыландыру мөлшері оқушылардың жасына байланысты өзгереді. Дегенмен жекеменшік мектеп өкілдерінің айтуынша, орта есеппен бұл сома бір балаға шамамен 55 мың теңгені құрайды.

Aliance School негізін қалаушы Алина Мурзаеваның айтуынша (баспасөз мәслихатында оның қай мектепті таныстыратыны нақты көрсетілмеген), жекеменшік мектептер мемлекетке мемлекеттік мектептерге қарағанда арзанырақ түседі.

«Жекеменшік мектептерде мемлекет тек жан басына шаққандағы қаржыландыруды ғана төлейді. Біз мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты бойынша оқытамыз. Сонымен қатар факультативтер, қосымша үйірмелер, секциялар, тамақтандыру да бар. Яғни, бала мектепте толық күн болады», – дейді Мурзаева.

Жекеменшік мектептерде балалардың күні бойы бола алатыны, сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқытуға мүмкіндіктің көбірек екені бірнеше рет айтылды.

Спикерлер мемлекеттік мектептерде оқитын балалар продлёнкаға қатысып, қосымша үйірмелерге барса, ата-аналардың шығыны жекеменшік мектептегі төлеммен шамалас болатынын да атап өтті. Кем дегенде Алматыда бұл рас. CMN.KZ тілшісі бастауыш сынып оқушыларының ата-аналарымен сөйлескенде, продлёнка мен кемінде бір үйірме шамамен 100 мың теңгеге түсетінін айтты.

Алина Мурзаева
Алина Мурзаева. Фото: Игорь Улитин, CMN.KZ

Әрине, «Дамубала» жобасы аясында мемлекет есебінен қаржыландырылатын секциялар бар. Алина Мурзаеваның айтуынша, бұл жоба бойынша бір балаға 21 мың теңге бөлінеді. Ал орта және жоғары сынып оқушыларына продлёнка қажет емес.

Енді жекеменшік мектептерді жан басына шаққандағы қаржыландырудан айыру қаупіне қайта оралсақ. Спикерлердің айтуынша, егер бұл орын алса, жекеменшік мектептер оқу ақысын шамамен сол 55 мың теңгеге көтеруге мәжбүр болады.

«Яғни, қазір тегін жұмыс істеп отырған мектептерде оқу құны шамамен 55 мың теңге болады. Қала үшін бұл аса үлкен сома емес, ал ауылдық жерлер үшін көтеру мүмкін емес. Нәтижесінде балалар қайтадан сыныптары лық толы мемлекеттік мектептерге барады», – дейді Алина Мурзаева.

«Дана» жекеменшік мектебінің негізін қалаушы Рената Толегенованың айтуынша, қазіргі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жүйесі мектептердегі орын тапшылығын шешуде тиімді құрал екенін дәлелдеді. Жалпы алғанда, спикерлердің басты үндеуі – қолданыстағы жүйені өзгертпеу. Сонымен бірге олар мемлекет тарапынан да заңбұзушылықтарға жол бермеуді сұрайды.

«Мысалы, қыркүйек айына арналған жан басына шаққандағы қаржыландыруды біз 31 желтоқсанда, түскі сағат бірде аламыз. Сол кезде жалға берушіге жалдау ақысын төлей алмайтыныңды түсіндіріп әлек боласың», – дейді Салтанат Мурзалинова-Яковлева.

Алайда баспасөз мәслихатында 6 қаңтардағы үкімет хабарламасында айтылған, аудит барысында анықталған жекеменшік мектептердің өз тарапынан кеткен заңбұзушылықтар мәселесі қозғалған жоқ. Ал ол хабарламада мыналар көрсетілген:

  • оқушылар мен мұғалімдерді қосып жазу және екі рет есепке алу фактілері;
  • 1 333 оқушының бір мектептен екіншісіне 5-тен 12 ретке дейін ауысқан аномальды қозғалысы;
  • 64 жекеменшік мектепте оқушылардың нақты саны жобалық қуаттан екі еседен астам артық болған.

Қаржыға қатысты да дерек келтірілген:

«2024 жылы 167 жекеменшік мектеп табысын салық есептілігінде көрсетпеген».

Тек Ішкі мемлекеттік аудит департаменттерінің хаттарынан кейін бұл мектептер 1,2 млрд теңге көлеміндегі салықты төлеген.

CMN.KZ ресми Telegram арнасына жазылыңыз

Введите текст и нажмите Enter либо Esc для отмены поиска