Қазақстанда жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі референдумның алғашқы экзитпол нәтижелері белгілі болды. Оған қатысқан азаматтардың 86,7%-ы өзгерістерді қолдаған, деп хабарлайды CMN.KZ
Бұл деректерді Еуразиялық интеграция институтының зерттеу компаниясы жариялады.
Зерттеу Қазақстанның 17 облысында, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жүргізілген. Сауалнама 200 учаскеде өтті, оның ішінде 129-ы қалада, 71-і ауылдық жерлерде орналасқан.
Барлығы 30 мың респондент арнайы дайындалған интервьюерлер арқылы face-to-face әдісімен сауалнамаға қатысқан. Зерттеу нәтижелерінің қателік деңгейі 1%-дан аспайды. Күн ішінде жеті рет өлшеу жүргізілген.
Сауалнамаға қатысқан азаматтарға:
«Сіз "Жаңа Конституцияны қабылдайсыз ба?" деген сұраққа қандай жауап таңдадыңыз?» деген сұрақ қойылған.
Сонымен қатар, «Социс-А – Астана» кешенді әлеуметтік зерттеулер институтының дерегіне сәйкес, референдумға қатысқан азаматтардың 87,4%-ы Конституциядағы өзгерістерді қолдаған.
Бұл зерттеуде қатысушыларға:
«Сіз жаңа Конституцияны қабылдауға дауыс бердіңіз бе, әлде қарсы болдыңыз ба?» деген сұрақ қойылған.
Зерттеу нәтижелері бойынша дауыс беруге қатысу деңгейі 73,8% болған. Әлеуметтік зерттеудің қателік деңгейі 1,5% деп көрсетілген.
Ал AMANAT партиясының қоғамдық саясат институты жүргізген экзитполға сәйкес, референдумға қатысқан қазақстандықтардың 88,6%-ы ұсынылған өзгерістерді қолдаған.
CMN.KZ ресми Telegram арнасына жазылыңыз