Яна Легкодимованы өлтіру ісі бойынша апелляциялық алқа үкімді өзгеріссіз қалдырды, деп хабарлайды CMN.KZ.
Ризуан Хайржанов пен Алтынбек Катимов өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енді. Алдын ала мәлімет бойынша, олар жазасын «Қара бүркіт» колониясында өтеуі мүмкін.
Сот шешімі шыққан кезде сотталғандар 26 және 27 жаста болған. Олар аса қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру қылмысы бойынша кінәлі деп танылды. Сонымен қатар бірінші сатыдағы сот Яна Легкодимованың анасына 15 млн теңге көлемінде өтемақы өндіру туралы шешім шығарған.
Сотталушылардың туыстары жазаны жеңілдетуді сұрағанымен, апелляциялық инстанция үкімді өзгеріссіз қалдырды.
НеМолчиKZ қорының хабарлауынша, жәбірленуші тараптың адвокаты Самат Абуев табылған мәйітке қатысты эпизод бойынша тексеруді қайта жандандыру жөнінде өтініш білдірген. Оның айтуынша, қыздың денесін сегіз ай бойы ТЖД қызметкерлері іздеген, алайда ол тергеу аяқталуға жақын қалғанда табылған. Бұл жәбірленуші тарапта сұрақ туғызған. Алайда сот өтінішті қанағаттандырмады.
Сотталғандардың Жоғарғы сотқа жүгіну құқығы сақталады.
Істің мән-жайы
Яна Легкодимова ісі елде кең қоғамдық резонанс тудырды.
Тергеу нұсқасына сәйкес, Яна мен Ризуан Хайржанов арасындағы қарым-қатынас барысында жанжалдар туындаған. Қыз жігіттің басқа қатынасы бар екенін білген.
Тергеу деректеріне сай, Хайржанов Янадан құтылуды жоспарлап, танысы Алтынбек Катимовты іске тартқан. Ол «көмек» үшін 500 мың теңге уәде еткен.
Айыпталушылар түрлі тәсілді талқылағаннан кейін қызды тұншықтырып өлтіріп, денесін Жайық өзеніне тастаған. Қыз жоғалғаннан кейін сегіз ай өткен соң оның сүйегі табылып, сараптама оның Яна екенін растаған.
CMN.KZ ресми Telegram арнасына жазылыңыз