Италияның Милан – Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтетін XIV қысқы Паралимпиада ойындарының басталуына төрт күн қалды. Бұл дүбірлі додада Қазақстан намысын кімдер қорғайды – CMN.KZ материалында.
Биыл ұлттық құрама пара шаңғы жарысы және пара биатлон бойынша сынға түседі.
Спорт министрлігінің мәліметінше, халықаралық аренада Қазақстан атынан жеті спортшы өнер көрсетеді:
-
Ербол Хамитов;
-
Александр Герлиц;
-
Юрий Березин;
-
Владислав Кобаль;
-
Сергей Усольцев;
-
Анна Грачева;
-
Нұрлан Әлімов.
Құрама сапындағы ең жас спортшы – 17 жастағы Владислав Кобаль. Ал ең тәжірибелі әрі жасы үлкен спортшы – 51 жастағы Сергей Усольцев. Ол пара шаңғы жарысы мен пара биатлонда бақ сынайды.
Команданың ең тәжірибелі мүшелерінің бірі – Александр Герлиц. Ол 2022 жылы Бейжіңде өткен Паралимпиадада пара биатлоннан қола жүлде иеленген. 2018 жылғы Пхёнчхан ойындарында пара шаңғы жарысынан төртінші орын алған.
Ербол Хамитов та құраманың көшбасшыларының бірі саналады. Ол пара биатлон мен пара шаңғы жарысынан әлем чемпионаттарының жүлдегері, Әлем кубогы кезеңдерінің бірнеше дүркін жеңімпазы.
2022–2023 жылғы маусымда Ербол пара шаңғы жарысынан әлем чемпионы атанып, Қазақстан тарихындағы алғашқы осындай нәтижеге қол жеткізген пара спортшы болды.
Ал 2024–2025 жылғы маусым қорытындысы бойынша Ербол Хамитов пара биатлоннан Әлем кубогының жалпы есебінде жеңіске жетіп, 31 жылдан кейін Қазақстанға Хрусталь глобусты алып келді.
Қысқы Паралимпиада ойындары 6–16 наурыз аралығында өтеді. Дүбірлі додада әлемнің 600-ден астам спортшысы 79 медаль жиынтығын сарапқа салады.
Айта кетейік, биылғы ойындар ерекше мәнге ие – қысқы Паралимпиадалық қозғалыстың 50 жылдығы атап өтіледі. Алғашқы қысқы Паралимпиада 1976 жылы Швецияның Эрншёльдсвик қаласында өткен.
CMN.KZ ресми Telegram арнасына жазылыңыз