Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың IV отырысында қазақстандық мәдениет пен бірегейлікті арттырудың маңыздылығы туралы айтты, деп хабарлайды CMN.KZ
Мемлекет басшысы атап өткендей, ұлттық бірегейлікті нығайтуда елдің ата-баба мәдениеті үлкен рөл атқарады. Оның айтуынша, онда Наурыз мейрамы ерекше орын алады.
«Наурыз мерекесі туралы жаңа тұжырымдама әзірленді. Еліміз Ұлыстың ұлы күнін 14 наурыздан, яғни Амал күнінен бастап, он күн бойы атап өтетін болды. Әр күнге нақты атау берілді. Жұртшылық бұл бастаманы жақсы қабылдады. Әсіресе, Наурызнамадағы «Ұлттық киім күні» қоғамның зор қолдауына ие болды. Ұлттық киімдерге деген қызығушылық арта түсті. Мектептерде, түрлі мекемелерде, сондай-ақ, ірі компанияларда ұлттық киімге мән беріле бастады», – деп айтты президент.
Тоқаев ұлттық киімге сұраныстың артуы тігін цехтарының ашылуына және жаңа брендтер мен дүкендердің пайда болуына ықпал еткенін атап өтті. Осылайша, ұлттық киім кию біртіндеп қалыпты көрініске айналуда, деп атап өтті ол.
«Бұл – өте жақсы үрдіс. Бет-жүзді тұмшалайтын қара киімнен гөрі өзіміздің ұлттық киімдеріміз әлдеқайда артық. Әсіресе, әйелдердің дәстүрлі киімі өте ғажап көрінеді. Себебі ұлттық киім бұл – біздің бірегей ұлттық болмысымыздың маңызды көрінісі. Оны жан-жақты дәріптеуіміз керек», – деп шақырды президент.
Бұған дейін Тоқаев Түркістанның ерекше мәртебесі туралы заңға қол қойды. Ақорданың баспасөз қызметі бұл құжат қаланың рухани, тарихи-мәдени, туристік орталық және елдің сәулеттік мұрасы ретіндегі ерекше мәртебесін бекітетінін түсіндірді.