Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов халықтың табысын арттыру және азаматтардың қаржылық жүктемесін азайту жоспарлары туралы баяндады, деп хабарлайды CMN.KZ
Үкімет басшысының айтуынша, қазақстандықтардың табысының өсуі экономикалық даму қарқынынан қалып отыр. Қазіргі таңда жалақының ЖІӨ құрылымындағы үлесі шамамен 31%-ды құрайды. Бұл – Орталық Азия елдері үшін жоғары көрсеткіш болғанымен, дамыған мемлекеттердегі деңгейден (40%-дан жоғары) едәуір төмен.
«Жалақының өсу қарқыны бизнестің табысының динамикасынан артта қалып отыр – бұл әрі өз бетінше тапқан пайдаға, әрі мемлекеттік қолдау есебінен алынған табысқа қатысты», – деді Олжас Бектенов.
Осыған байланысты Үкімет азаматтардың кірісін арттыруға бағытталған кешенді шаралар пакетін әзірлеп жатыр. Ол жалақының өсуіне арналған қаржылық және салықтық ынталандыруларды, лайықты еңбекақысы бар жұмыс орындарының санын көбейтуді, кәсіби дағдылар мен біліктілікті дамытуды, сондай-ақ халықтың қаржылық жүктемесін азайтуды қамтиды.
2026 жылға арналған негізгі басымдық ретінде Үкімет азаматтардың нақты табысын арттыруды айқындады. Бұған жаңа өндірістерді іске қосу, кәсіпкерлікті қолдау және тұрақты жұмыс орындарын құру арқылы қол жеткізу жоспарланып отыр.
Отырыс барысында экономиканы цифрландыру мәселесіне де ерекше назар аударылды. Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру жылы аясында барлық салаға озық технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізу міндеті қойылған. Алайда Премьер-министрдің айтуынша, бұл бағыттағы практикалық іске асыру әлі де баяу жүріп жатыр.
Нақты секторда цифрлық процестер бастапқы кезеңде ғана, ал салалық деректер базалары толық қалыптаспаған. Бұл мәселелерді шешу үшін әзірленіп жатқан «Digital Qazaqstan» стратегиясы барлық цифрлық бастамаларды біртұтас ұлттық бағдарламаға біріктіруге тиіс.
CMN.KZ ресми Telegram арнасына жазылыңыз