Қазақстанда уақыт белдеуін ауыстыру туралы eGov порталындағы сауалнама аяқталды. Бұл шешімнің себебін цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев түсіндірді, деп хабарлайды CMN.KZ.
Министрдің айтуынша, сауалнама 200 мың респонденттің қатысуымен аяқталуы керек болған. Бұл көрсеткішті Ғылым және жоғары білім министрлігі репрезентативті деректер алу үшін жеткілікті деп санаған. Сауалнама мақсаты – уақыт белдеуінің өзгерісінің қазақстандықтардың күн тәртібіне және денсаулығына әсерін зерттеу.
«eGov платформасында өз ережелері мен регламенті бар. Әрбір министрлік зерттеу жүргізу үшін өтінім бере алады. Ғылым және жоғары білім министрлігінің өтінімі бойынша 200 мың респондент шегі қойылды. Бұл – өте үлкен және жеткілікті дереккөзі. Шектеу орындалғаннан кейін сауалнама автоматты түрде жабылды», – деді Мәдиев.
Министр сауалнаманың ұзақтығы емес, қатысқан респонденттердің саны маңызды болғанын атап өтті. Егер қажетті шек бірнеше сағатта толтырылған жағдайда, сауалнама сол уақытта жабылуы мүмкін еді.
Сауалнама нәтижелері ғылым және жоғары білім министрлігіне талдау үшін берілді. Министр Саясат Нұрбектің айтуынша, уақыт белдеуінің денсаулыққа әсерін зерттеу үшін арнайы ғылыми зерттеу жобасы ұйымдастырылып, оған шамамен 100 миллион теңге бөлінеді.
22 қарашада басталған сауалнамада азаматтарға жаңа уақыт белдеуіндегі өмір салтына қатысты бірнеше сұрақ қойылған. Бұл жоба Қазақстандағы уақыт белдеуінің халық денсаулығына және күнделікті өмірге қалай әсер ететінін түсінуге бағытталған.