Ақмола облысында ТЖМ академиясының курсанттары мен қызметкерлеріне қатысты жемқорлық істері бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды CMN.KZ.
Облыстық соттың мәліметінше, академияның үш курсанты сабақ үлгерімін жақсарту үшін взвод командирі арқылы азаматтық қорғау полковнигіне бес мың теңгеден пара берген.
«Сонымен қатар, командир жәбірленуші С.-ден оның ұлын жоғары оқу орнына қабылдату үшін 2,5 млн теңге сұрап, алаяқтық әрекет жасаған. Одан бөлек, тағы бір командирмен бірге курсанттарға шен беру мәселесін шешемін деп 267 000 теңге көлемінде ақша алған», – деп атап өтті соттың баспасөз қызметі.
Сот шешімі қандай болды?
- Академия оқытушысына пара сомасының 60 еселенген көлемінде айыппұл салынды.
- Взвод командирлерінің біреуі 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.
- Екінші командирге пара сомасының 10 еселенген көлемінде айыппұл салынып, мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырылып, шендері алынды.
- Үш курсантқа да айыппұл салынды.
Сонымен қатар, сот МЧС Қазақстан Республикасына жеке қаулы енгізіп, жемқорлықтың алдын алу жұмыстарын күшейтуді, кадрлық қызмет пен академияның ішкі қауіпсіздік басқармасының қызметін жетілдіруді тапсырды.
Сот шешімдері заңды күшіне енген жоқ.