Алматының көңіл көтеру орындарының бірінде депутат Даулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болат сот үкімін бұзғаны анықталды, деп хабарлайды CMN.KZ.
Бұрын заңгерлер Анна мен Сергей Черновтарды соққыға жыққаны үшін екі жыл бас бостандығын шектеу жазасын алған ол, қайтадан назарға ілікті. Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті Болаттың үкім талаптарын бұзғанын растады және оның жазасын бас бостандығынан айыруға ауыстыру туралы материалдарды сотқа жіберуді дайындап жатқанын мәлімдеді.
Нұрасыл Болат 11 қазан күні туған күнін тойлап, Алматының бір көңіл көтеру орнында байқалды. Заңгер Анна Чернованың айтуынша, сот шешіміне сәйкес, Болатқа алкоголь сатылатын орындарға баруға және 22:00-ден кейін үйінен шығуға тыйым салынған. Бұл ереже оның жазасын өтеу мерзімі аяқталғанша сақталуы керек болатын.
Анна Чернова сотталушының қазіргі жұмыс орнын тексеруді де сұрады, өйткені соңғы мәліметтер бойынша, ол жұмыстан шығып, қазір жұмыссыз жүрген көрінеді. Сонымен қатар, ол электрондық бақылау білезіктерінің тағылған- тағылмағанын анықтауға қызығушылық білдірді. Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті бұл сұрақтарға жауап бере отырып, Болаттың Алматы пробация қызметінің бақылауында екенін растады.
Еске салайық, Нурасыл Болат 2023 жылдың ақпан айында Алматыда заңгерлер Олег және Анна Черновтарға шабуыл жасаған болатын. Ерлі-зайыптылар Болат ұрып жатқан қызды қорғау мақсатында араласқаннан кейін, жағдай ушығып, Болат Олег Черновтың қабырғасын сындырып, Аннаны жағына ұрған.